Теннистен Индиан-Уэллс турнирі: Елена Рыбакина үшінші айналымға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші осы мастерс додасында 2023 жылы чемпион атанған еді. Ал өткен жылы денсаулығына байланысты қатыспаған болатын.
Биыл жарысты екінші айналымнан бастаған Е.Рыбакина бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 64-орында тұрған нидерландтық Сюзан Ламенспен өткізді.
Теннисшілер матчты брейк алмасумен бастады. Есеп 4:3 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сетті сәтті бітірді – 6:3. Екінші партияда да Елена 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры кездесуді тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.
Бір сағат 26 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ламенс 4 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Е.Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 38-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултер немесе рейтингіде 74-сатыдағы румыниялық Ирина Бегудің жеңгенімен жеңіске таласады.
Индиан-Уэллсте өткен жылы Польша өкілі Ига Швентек үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Юлия Путинцеваның жұптық сында екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннистен Дэвис кубогында Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен ойнайды.