НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA 1000 турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге финалда осы жарыстың 2-ракеткалары, тайбэйлік Се Шувэй – бельгиялық Элиза Мертенспен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда қарсыластар қос-қостан брейк жасап, тай-брейкте тәжірибелі тайбэйлік-бельгиялық жұп әбжілдік танытты – 7:6 (7:1).
Екінші сетте қазақстандық-ресейлік жұп брейкпен алға шыққанымен, қарсыластары сол бойда теңестірді – 2:2. Ақыры олар жеңісті жұлып әкетті – 6:3.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған финалдық матчта Е.Рыбакина мен В.Кудерметова 2 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Жарыс жеңімпаздары 4 эйс, 5 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Е.Рыбакина жұптық осындай жоғары деңгейдегі доданың алғаш рет финалына дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Индиан-Уэллс жарысының финалына шыққанын, қазақстандық жас теннисшінің халықаралық турнирдің финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).