НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік рейтингіде алғаш рет үздік ондыққа кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Билли Джин Кинг кубогының жаңартылған рейтингісінде ел құрамасы 16-дан бірден 9-орынға көтерілді.
Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей, Германия, Италия, Румыния, Бельгия, Польша секілді командаларды артқа қалдырды.
Қазақстандық қыздар биылғы сәуірде елордада Германия теннисшілерін 3:1 есебімен тізе бүктіріп, командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатын.
Әлемдік рейтингіде алғашқы он команда былайша орналасты:
1.Аустралия - 1002,71 ұпай;
2,Франция - 885,6;
3.Испания - 884,62;
4.Чехия - 842,92;
5.Швейцария - 881,81;
6.Канада - 780,09;
7.АҚШ - 758,09;
8.Словакия - 744,23;
9.Қазақстан - 704,75;
10.Германия - 702,52.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Жібек Құламбаеваның Италиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).