АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық теннис федерациясы құрама командалардың жаңартылған рейтингісін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ұлттық әйелдер құрамасы әлемдік рейтингіде 9-дан 10-орынға сырғығанымен, үздік ондықта қалды.
Қазақстан әйелдер құрамасы Ресей, Италия, Румыния, Бельгия, Ұлыбритания, Польша сынды елдердің алдында тұр.
Қазақстандық қыздар командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде өнер көрсетіп, Ұлыбританияны ұтқанымен, Испанияға жол беріп, топтан шыға алмай қалған болатын.
Рейтинг көшін бұрынғыша Аустралия бастап келеді.
Billie Jean King Cup рейтингісінің үздік ондығына мына құрамалар кіреді:
1. Аустралия - 1142;
2. Швейцария - 1041;
3. Испания - 929;
4. Чехия - 922;
5. Франция – 910;
6. Канада - 815;
7. АҚШ - 793;
8. Словакия - 779;
9. Германия - 777;
10. Қазақстан – 739
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия жасөспірімдер рейтингісінде қос қазақстандық теннисшінің көш бастап тұрғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).