АСТАНА. KAZINFORM — Елордада теннистен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында ерлер арасында жартылай финалға шыққан ойыншылар белгілі болды.
Өткен жылғы ел чемпионы Григорий Ломакин ширек финалда Артем Сидоровтан 6:4, 6:3 есебімен айласын асырды.
Теміртау теннис мектебінің түлегі жартылай финалда Тимур Мәуленовпен кездеседі. Ол Дамир Дүйсенғазинді қапы қалдырды — 7:5, 6:2.
Екінші жартылай финалда 17 жастағы Әмір Омарханов пен Ислам Орынбасар шеберлік байқасады.
Қазақстанның жас жұлдызы Ә.Омарханов жарты сағатта Тимур Сауленконы тас-талқан етті — 6:0, 6:1.
Әмірдің қарсыласы Ислам Орынбасар Мансұр Сайыновтан өтті — 7:5, 7:5. Америкалық William Carey University (Алабама) колледжінің студенті Ислам Орынбасар осы оқу орнында екі жыл қатарынан үздік шыққан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Вашингтон турнирінің ширек финалына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).