Теннистен Қазақстан чемпионаты: Полина Слепцова Сандуғаш Кенжебаеваны жеңіп кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында ересектер арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында күтпеген нәтиже тіркелді.
Әйелдер арасында 18 жастағы Полина Слепцова жарыстың 2-ракеткасы, WTA рейтингісінде 980-орында тұрған Сандуғаш Кенжебаеваны 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Полина Слепцова жартылай финалда Аружан Сағындықовамен шеберлік байқасады. Аружан ширек финалда Асылжан Арыстанбекованы сүріндірді.
Әлемнің 292-інші, турнирдің 1-ракеткасы Жібек Құламбаева Анастасия Крымкованы қиналмай жеңді — 6:2, 6:2.
Қазақстан қысқы чемпионатының жеңімпазы Іңкәр Дүйсебай Альбина Кәкеновадан өтті — 6:3, 6:2. Енді Жібек пен Іңкәрдің қай жеңгені финалға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Вашингтон турнирінің ширек финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Зарина Дияс Португалиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.