АСТАНА. KAZINFORM — Чхунчхон қаласында Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобында Қазақстан — Корея арасында өтетін плей-офф матчының жеребесі тартылды.
Жұма күні жарыс шымылдығын Александр Шевченко ашады. Ол Чон Хенмен ойнайды.
Содан кейін Александр Бублик Квон Сун Вумен шеберлік байқасады.
13 қыркүйек күні Бейбіт Жұқаев — Тимофей Скатов жұбы Нам Чжи Сун — Пак Уй Сунмен кездеседі. Сосын Александр Шевченко — Чон Хен, Александр Бублик — Квон Су Вон бәсекелері жоспарланған.
Ойындар Songam Sport Town хард төсенішіндегі кортында өтеді.
Дэвис кубогының іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. Ойындар үш сеттік форматта өтеді. Регламентке сәйкес әр құраманың капитаны бәсеке басталмастан кемінде бір сағат бұрын ойыншыны алмастыра алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Алматыда жас теннисшілермен кездескенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).