НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты Азия/Тынық мұхит аймағының топтық іріктеу сайыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің жасөспірімдер құрамасы D тобында Индонезияны 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Дамир Жалғасбай Али Коста Рафалентиноны 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстанның 14 жасқа дейінгілер арасында бірінші ракеткасы, Еуропа теннисі чемпиондық кестесінде көш бастап келе жатқан Заңғар Нұрланұлы Вишна Рангеден 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.
Жұптық сында Д.Жалғасбай Даниэль Тазабековпен бірге қарсыластарынан айласын асыра білді – 6:2, 6:3.
Ертең қазақстандық жасөспірімдер Шри-Ланка құрамасымен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қарсыластары анықталғанын, Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде 18-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).