НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында командалық әлем чемпионаты Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінің топтық бәсекелері аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, бүгін қазақстандық қыздар D тобында Өзбекстан құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша өз тобындағы қарсыластарының бәрін жеңген Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ширек финалға бірінші орынмен жолдама алды.
Қазақстандықтар ертең жартылай финалға шығу үшін Үндістан құрамасымен таласады. Корт иелерімен өтетін матчтың оңайға соқпайтыны анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).