Қазақстан теннис федерациясының директоры Диас Досқараевтың айтуынша, 1991 жылдан берi өтiп келе жатқан доданың халықаралық беделi жыл өткен сайын артуда және бүгiнгi жарысқа 31 елден теннисшiлер қатысуға ниет танытқан.
Ұлттық құрама теннисшiсi Михаил Кукушкин былтыр осы турнирдiң ақтық сынына дейiн жеткен болатын. Кукушкин биыл да өз күшiн сынап көрмек. Сонымен қатар аталмыш жарыста Қазақстан намысын Юлия Путинцева қорғауға бел буып отыр. Әлемнiң үздiк 100 теннисшiлерінің қатарында тұрған Путинцеваға мұның алдында ота жасалған. Алайда ол биылғы жарыста жоғары жетiстiктерге қол жеткiзуге ниеттi. «Team Kazakhstan» спортшысы Камила Керiмбаева да ұлттық құрама сапында ойын көрсететін болады. Ол жас та болса, кейiнгi кезде тамаша өнер көрсетiп, әлемнiң үздiк 300 теннисшiсiнiң қатарына ене алды.
«Қазақстан Президентi Кубогы бiз үшiн маңызды турнирлердiң бiрi, бiз оған тыңғылықты дайындалудамыз. Мен Астанаға жұма күнi келдiм, турнирге мақсатты түрде жаттығудамын және жеңiс жолында барымды саламын», - дейдi М.Кукушкин.
Д.Досқараевтың айтуынша, турнирдiң жалпы сыйақы қоры 225 мың АҚШ долларын құрайды.