Теннистен Майами турнирі: Путинцева әлемнің 15-ракеткасын ұтты

Фото: Фото: ktf.kz

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоноваға қарсы келді.

Бірінші партияны Ю.Путинцева бет қаратпай ұтты – 6:1.

Екінші сетте ресейлік спортшы 3:1 есебімен алға кеткенімен, Юлия таразы басын теңестірді – 3:3. Алайда есеп 4:4 болған мезетте Самсонова брейк жасап кетті – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болғанда, Путинцева брейк жасап, сосын өз геймін алды – 5:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 2 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Самсонова 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева 1/8 финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингіде 79-орында тұрған бельгиялық Гретье Минненмен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 40-ракеткасы, украиналық Леся Цуренконы жолдан тайдырды – 7:5, 6:1.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.