Теннистен Майами турнирі: Ярослава Шведова екінші айналымға өте алмады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ярослава Шведова Майами WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 105-орында тұрған чехиялық Тереза Мартинцовамен шеберлік байқасты.

Чехиялық спортшы бірінші партияда 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде де ойын тізгінін қолында ұстады – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.

Т.Мартинцова екінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Бьянка Андреескумен кездеседі.

Зарина Дияс бүгін екінші кездесуін әлемнің 12-інші, осы доданың 11-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен өткізеді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина ертең екінші айналымда рейтингте 64-сатыдағы эстониялық Кайя Канепимен кортқа шығады. Тағы бір қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцеваның қарсыласы – рейтингте 95-орында тұрған сербиялық Нина Стоянович.

Ерлер арасында әлемнің 105-ракеткасы Михаил Кукушкин бүгін рейтингте 316-орындағы ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен күш сынасады. Жарысты екінші айналымнан бастайтын Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 57-орындағы сербиялық Ласло Дьеренің шамасын байқап көреді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтқанын, қазақстандық жұптың Хорватиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.