НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған украиналық Леся Цуренкомен өткізді.
Юлия Путинцева 6:3, 4:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Юлия 1 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың 8-ін пайдаланды. Қарсыласы 7 брейктен (12 брейк-пойнт) аса алмады.
Қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасады. Ол чехиялық Мария Боузкованы 7:5, 7:5 есебімен қапы қалдырды.
Осылайша жүлде қоры 8,3 млн АҚШ долларынан асатын додада жекелей сында Е.Рыбакина мен Ю.Путинцева жарыс жолын жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Михаил Кукушкиннің екінші айналымға өткенін, Дэвис кубогында Қазақстанның үшінші себетке түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Майами турнирінің үшінші айналымына шықты.
Александр Бублик те жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).