АСТАНА. ҚазАқпарат - Михаил Кукушкин Астанада өтіп жатқан Президент кубогы үшін челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 229-ракеткасы М. Кукушкин екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 639-орында тұрған жапониялық Рента Токудамен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:1, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ол 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін рейтингте 570-сатыдағы ресейлік Евгений Карловскиймен таласады.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко ширек финалға шыға алмады. Ол өзбекстандық Хумаюн Сұлтановқа жол берді. Есеп 7:6 (7:4), 0:6, 1:2 болған мезетте матчты жалғастырудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Гамбург турнирінің жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).