АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық Михаил Кукушкин осы турнирдің 31-інші ракеткасы, испаниялық Альберт Рамос-Виньоласпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңартылған рейтингте 83-інші орынға көтерілген М.Кукушкин мен әлемнің 36-ыншы ракеткасы А.Рамос-Виньолас арасындағы матч бастапқыда тартысты өрбіді.
Бірінші партия тай-брейкке дейін жеткенімен, онда қазақстандық теннисші бірде-бір ұпай ала алмады. Сөйтіп бастапқы сет 7:6 (7:0) есебімен испандықтың пайдасына шешілді.
Екінші партияда Рамос-Виньолас брейк жасап, алға шықты. Ақыры сол басымдылығын сақтап қалды - 6:4.
Үшінші сетте есеп 1:1 болғаннан кейін испаниялық теннисші үш мәрте брейкке қол жеткізіп, өзінің геймдерін де құр жібермеді - 6:1.
Кездесу 2 сағат 9 минутқа созылды.
Осылайша өткен жылы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына дейін жеткен М.Кукушкин бұл жолы алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалды. Яғни бұл - өткен жылғы ұпайларын қорғай алмады деген сөз.
Еске сала кетейік, кеше Ю.Путинцева мен З.Диястың «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастағанын, бүгін Заринаның екінші айналымдағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).