Теннистен Роттердам турнирі: Александр Шевченко қытайлық қарсыласын камбэкпен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Шевченко Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуінде әлемдік рейтингіде өзінен он саты жоғары тұрған қытайлық Чжан Чжичжэньмен кортқа шықты.
Бірінші партияда қытайлық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші және үшінші сетте А.Шевченко камбэк жасап, матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4, 6:3.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Шевченко 13 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Қарсыласы 5 эйс, 2 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 7-ракеткасы, даниялық Хольгер Руне немесе рейтингіде 39-сатыдағы ресейлік Роман Сафиуллиннің жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Роттердамда 12 эйс жасап, екінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Бахрейндегі жарысты сәтті бастады.
Жібек Құламбаева Таиландтағы турнирдің ширек финалына шықты.