Теннистен Уимблдон турнирі: Зарина Дияс пен Михаил Кукушкин 2-айналымда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда теннистен өтіп жатқан Уимблдон турнирін қазақстандық теннисші, әлемнің 130-ыншы ракеткасы Зарина Дияс жеңіспен бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Myscore.ru сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина дүниежүзілік рейтингте 122-інші сатыда тұрған қытайлық Синьюнь Ханьды 6:3, 6:4 есебімен ұтты.

З.Дияс екінші айналымда қазіргі таңда Австралия елінің намысын қорғап жүрген орыс қызы, әлемдік рейтингте 166-ыншы орында келе жатқан Арина Родионовамен күш сынасады. Ол бүгін өзінің бұрынғы отандасы, әлемнің 17-інші ракеткасы Анастасия Павлюченкованы аса тартысты матчта  3:6, 7:6 (8:6), 9:7 есебімен жеңді. Демек, А.Родионова оңай шағылатын жаңғақ емес.

 Әйелдер арасындағы сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-інші ракеткасы Юлия Путинцева кеше латвиялық Анастасия Севастоваға есе жіберген болатын. Ал Ярослава Шведова жарақатына байланысты бұл жарысқа қатыса алмады.

Осылайша, әйелдер арасында енді бар үміт Заринада болып отыр. Ол 2014 және 2015 жылдары Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жеткен болатын. 

Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 118-інші ракеткасы Михаил Кукушкин де жарысты сәтті бастады. Ол бүгін дүниежүзілік рейтингте 92-інші сатыда тұрған жапониялық Дэниэл Тародан 4:6, 6:4, 7:6 (7:4), 6:2 есебімен басым түсті. Енді ол екінші айналымда осы турнирде 27-інші болып тіркелген германиялық Миша Зверевпен кортқа шығады. Кеше тағы бір қазақстандық Александр Бублик  осы турнирдің екі мәрте жеңімпазы, әлемнің бірінші ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Маррейден 1:6, 4:6, 2:6 есебімен ұтылып қалған болатын.