АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы Уимблдон турнирінің жүлде қоры рекордтық көлемге жетіп, 44,7 млн фунт стерлингті құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш жарыстың жүлде қоры өткен жылғыдан 11,2, ал 2019 жылғыдан 17,1 пайызға ұлғайтылды.
Жекелей сында чемпиондар мен финалистер сәйкесінше 2,75 млн және 1,4 млн фунт стерлинг алады.
Жұптық сында ерлер және әйелдер жарысының жүлде қоры 2022 жылғымен салыстырғанда, 10,7 пайызға көбейтілді.
Уимблдонда Қазақстаннан жекелей сында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик өнер көрсетеді. Тимофей Скатов іріктеу сайысында бақ сынайды.
Жұптық сында Анна Данилина, Александр Недовесов және Андрей Голубев қатысады.
Өткен жылы Елена Рыбакина Қазақстан теннисшілерінен алғаш рет жекелей сында чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Нидерландтағы жарыстың екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).