Теннистен United Cup турнирі: Александр Шевченко әлемнің 11-ракеткасын жеңді

Фото: Фото: instagram.com/shevchenkoo_17

АСТАНА. KAZINFORM - Аустралияның Сидней және Перт қалаларында теннистен аралас командалық сында өтіп жатқан United Cup турнирінде Қазақстан құрамасы Грекиямен бетпе-бет келді.

Кортқа алғашқы болып дүниежүзілік рейтингіде 78-орында тұрған Александр Шевченко мен әлемнің 11-ракеткасы Стефанос Циципас шықты.

Қазақстандық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен аяқтаса, екінші сетте тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:0).

Бір сағат 52 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында А.Шевченко 2 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. С.Циципас 7 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Енді Елена Рыбакина мен Мария Саккари сынға түседі.

Қазақстандықтар С тобында алғашқы матчта Испанияны 2:1 есебімен жеңген еді.

Грекиялықтар да Испания құрамасын дәл осындай есеппен ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен United Cup турнирінде Қазақстан құрамасының Испанияны жеңгенін жазған болатынбыз.