АСТАНА. KAZINFORM — Токио қаласында Билли Джин Кинг кубогінің Жапония мен Қазақстан арасында іріктеу матчы қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды.
Алғашқы болып әлемнің 79-ракеткасы Нао Хибино мен дүниежүзілік рейтингіде 939-орында тұрған Анна Данилина кортқа шықты.
Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин негізінен жұптық сынға маманданған А.Данилинаға сенім артқанымен, ол үміт ақталмады. Қазақстандық теннисші қарсыласынан 1:6, 0:6 есебімен ойсырай жеңілді.
Бұған дейін Жапония құрамасы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шығып көрмеген. «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы Наоми Осака матч алдында биыл құрамасының финалдық кезеңге шығатын мүмкіндігі барын мәлімдеді.
Енді Н.Осака мен Юлия Путинцева кездеседі. Содан кейін жұптық бәсеке жоспарланған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Мексикадағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).