АСТАНА. KAZINFORM – Простеев (Чехия) қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында 4-9 тамызда теннистен өтетін әлем чемпионатының жеребесі тартылды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы В тобына түсті. Қарсыластары – Германия, Жапония және Гонконг командалары.
Әлем чемпионатында ел намысын Ахмади Мақанов, Хақназар Жеткербай және Әмір Асқар қорғайды.
Ұлттық құрама капитаны – Сағадат Аяп.
Германия жасөспірімдері 2014 жылы әлем чемпионатында үздік шыққан. Тағы бір қарсылас – Жапония құрамасы 2011 жылы финалға дейін жеткен. Осыдан-ақ Қазақстанның оңай топқа түспегенін аңғаруға болады.
Қазақстандықтар бүгін бастапқы кездесуін Германия құрамасымен өткізеді.
Әр топтан екі үздік команда ширек финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада Президент кубогының жеңімпазы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).