Теңіз кен орнында қандай жұмыс жүріп жатыр

Фото: Энергетика министрлігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Теңіз кен орнында компрессор  мен төрт трансформаторды пайдалана отырып, қысымды арттыру жүйелері арқылы жұмысты қайта жандандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл жөнінде Энергетика министрлігі хабарлады. 

Зауыт жұмысы Королев кен орнының шикізаты есебінен қамтамасыз етіліп жатыр. Қазіргі уақытта шикізат ағыны тәулігіне 2 500 тоннаны құрайды. Мамандар жүйені толтыру және жобалық қуатқа шығу үшін мультифазалық ағынды беру көлемін жоспарлы түрде арттыруда.

Теңіз кен орнында барлық күш пен техникалық ресурс толық жұмылдырылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, нысанда қорытынды техникалық сынақтар өткізу үшін барлық қажетті персонал жұмылдырылған. Қазіргі таңда энергиямен жабдықтау жүйесінің қауіпсіз іске қосылуы расталды. Министрлік тарапынан «Теңізшевройл» компаниясына өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау (HSE) талаптарын қатаң сақтай отырып, өндірісті барынша жедел қалпына келтіру міндеті жүктелді.

– Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуына арнайы технологиялық өтпелі желі монтажының жедел аяқталуы септігін тигізді. Кестенің келесі маңызды кезеңі – 2 ақпан. Бұл күнге қарай компрессор мен төрт трансформаторды пайдалана отырып, Қысымды арттыру жүйелері арқылы жұмысты қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бұл технологиялық желілер кешені мен Екінші буын зауытына шикізатты толыққанды әрі тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық қалпына келтіру жұмысын тікелей Теңіз кен орнында жедел бақылау және үйлестіру мақсатында ведомство мен ұлттық компания басшылығы сол жерде тұрақты түрде жұмыс істеуде, - деп мәлімдеді министрлік.

Өндірістік циклді қалпына келтіру мәселесі Энергетика министрлігі басшылығының ерекше әрі тұрақты бақылауында болады. ТШО компаниясы сенімді өндірістік қызметті қамтамасыз етуге бейілділігін сақтай отырып, барлық инфрақұрылымның дайындығы мен процестердің қауіпсіздігі расталған сайын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырады. 

Осыған дейін ҚР Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында өндірістік операциялардың қайта басталғанын мәлімдеді.

28 қаңтарда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Теңіз кен орнында жанып кеткен трансформаторлар жөнделіп, мұнай өндіру бір апта ішінде қалпына келтірілетіні туралы айтқан еді.