«Теңіз» кен орнында өндірілген мұнай мен газ көлемі азайған

Фото: Фото: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында 6 айда мұнай өндіру 3,7%-ға азайған. Бұл кен орнынан өндірілген ілеспе газ көлемі 4,2%-ға төмендеген. 

«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 1,1%-ға артып, 11 млн 989 мың тоннаны құраған.

«Ал «Теңіз» кен орнында мұнай өндіру 3,7%-ға азайып, 2 млн 872 мың тоннаны құрады. Бұл – тәулігіне 126 мың баррель. Бұл ретте ілеспе газ өндіру көлемі 4,2%-ға төмендеп, 1 млрд 587 млн текше метрді құрады. Көрсеткіштердің төмендеуі биыл жылдың мамыр айында шикі газ айдау объектілерінде күрделі жөндеу жүргізуге байланысты болды», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

«Теңіз» кен орнында биылғы сәуірде ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының нысандарын пайдалануға беру бойынша жұмыстар басталған. Жаңартылған кестеге сәйкес келешек кеңейту жобасын іске қосу 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.

«Теңізшевройл» компаниясы баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, серіктестер 2016 жылы бұл жобаны іск асыру жөнінде 2016 жылы шешім қабылдаған.

«Келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 миллион тоннаға арттырады. Сол кезде тәулігіне 260 мың баррельге дейін мұнай өндіріледі. Мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына шамамен 39 миллион тоннаға жетеді. Бұле тәулігіне 850 мың баррельді құрайды», - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий құбыр консорциумы «Теңіз» кенішінен 16 млн тонна мұнай тасымалдағанын хабарлаған едік