Теңіз кен орнында жер сілкінді

Фото: Фото: Анадолы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін Атырау облысындағы «Теңіз» кен орнында жерасты дүмпуі болғаны жөнінде ақпарат тарады.

Кейбір БАҚ пен телеграм арналарындағы ақпаратқа қарағанда, жер сілкінісі бүгін, 11 мамырда сағат 11:44 шамасында болған. 

Жерасты дүмпуінің тереңдігі – 10 метр, ал, магнитудасы – 4,2. Теңіз» кен орнындағы жер сілкінісі 5 секундқа созылған. 

«Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі жер сілкінісі болғанын растады. 

– «Теңізшевройл» 2025 жылғы 11 мамырда «Теңіз» кен орнында сейсмикалық оқиғаның тіркелгенін растайды. Бұл оқиға персонал мен өндіріс қызметіне әсер еткен жоқ, - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.

«Теңіз» – Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан ірі кен орны. Мұнда 1976 жылы 24 маусымда №1 ұңғыманы бұрғылауды басталған. Үш жылдан соң кен орнына сынақ жүргізілген. 

1979 жылғы 18 желтоқсанда кен орнындағы тұзасты қабатынан тәулігіне 475-600 текше метр мұнай алынатыны жөнінде қорытынды жасалған. Кен орнының коллекторындағы күкірт мөлшерінің 25 пайызға жететіні анықталған. 

Қазір кен орнын «Теңізшевройл» компаниясы игереді. Бұл компания 1993 жылғы 6 сәуірде құрылған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Құлсарыдан 120 шақырым қашықтықта жер сілкінгенін хабарлаған болатынбыз.