Қазіргі уақытта кен орнында бір вахтада әртүрлі мамандықтағы 10 мыңнан астам қызметкер еңбек етіп жатыр. Теңіз кен орнында қызметкерлерді сайлау учаскелеріне жеткізу үшін автобустар қатынап жатыр.
— Теңіз кен орнында референдум өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау комиссияларымен бірлесіп объект аумағында уақытша дауыс беру учаскелері ұйымдастырылды, сондай-ақ оларға ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қарастырылды. Бұл қызметкерлерге белгіленген тәртіпке сәйкес дауыс беруге мүмкіндік береді, — деді «Теңізшевройл» ЖШС Жұртшылықпен және үкіметпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.
Қызметкерлердің айтуынша, кен орнында дауыс беруге қатысу үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
— Барлығы өте ыңғайлы ұйымдастырылған, учаскелер жұмыс аймақтарына жақын орналасқан, көлік бар. Әркім өзіне қолайлы уақытты таңдап, еркін дауыс бере алады. Үйімізден жырақта, яғни вахтада жүрсек те, оған қатыса алатынымыз қуантады, — деді «Теңізшевройл» ЖШС қызметкері Нұрсұлтан Ізбасаров.
Бұған дейін Серік Шәпкенов жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумда дауыс бергенін жазған едік.