Жылыой ауданындағы «Теңіз» кен орны мен Құлсары қаласы арасында жұмысшыларды тасымалдайтын автобуста оқ атылған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа қарағанда, оқиға 20 қарашада болған.
Автобус салонында отырған жолаушының бірі Жаңа Қаратон кентінің тұсына келгенде оқ атқан.
Салдарынан салондағы ер адамның беті жарақаттанған.
«Салонда оқ атқан адам ұсталып, қамауға алынды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 4-бөлігімен тергеу жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласындағы жаппай төбелестен соң 23 адам ұсталғанын жазған болатынбыз.
Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласында жастар топтасып төбелескен. Жергілікті полицейлер барлық қатысушы ұстады.
Аудандық полиция бөліміне төбелеске қатысы бар 23 адам жеткізілді. Оның ішінде 8 жасөспірім бар.