Теңізшевройлға 53 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM — «Теңізшевройл» ЖШС ластаушы заттардың шығарындыларын нормативтен асырған. Мұны 2024 жылдың 3-4-тоқсаны мен 2025 жылдың есептерін тексеру барысында экология департаменті анықтаған.

Фото: «Теңізшевройл» ЖШС

Атырау облыстық экология департаментінің мәліметінше, «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалып, Жылыой аудандық сотына жолданған.

— Соттың 2026 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен «Теңізшевройл» ЖШС кінәлі деп танылып, 53, 7 миллион теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды, — деп мәлімдеді экология департаменті.

Бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.

Осыдан бұрын «Теңізшевройл» ЖШС-дегі апаттан соң пропилен өндірісі тоқтағаны белгілі болды.