Теперіш көрген балалар азайсын десек...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Балалар құқықтарын қорғау мамандарының жұмысы қауырт, міндеті жоғары. Отбасындағы проблемаларды уақтылы анықтау мен түзету, баланың туған жанұясын сақтау үшін жағдайлар жасау, профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру да солардың құзырында.

Балаларды тәрбиелеу, оқыту, асырап-бағу жөніндегі міндеттерін орындамайтын, олардың тәртібіне кері әсер ететін және оларға қатысты қатыгездік көрсететін ата-аналар да мамандарға аз ауыртпалық әкелмейді. Ал ата-аналары жоқ немесе ата-анасы бағу құқықтарынан айырылған жағдайда балалар заңмен белгіленген тәртіпте қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына алынады. Бала отбасында өз мүдделерін қозғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өзінің пікірін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік істі қарау барысында ойын айтуға құқылы.

Қандай жағдай болмасын, он жасқа толған баланың пікірі міндетті түрде ескерілуге тиіс. Заңда көзделгендей, он жасқа толған баланың және заңды өкілдерінің келісімімен ғана шешім қабылдануы тиіс. Сондай-ақ баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары жүзеге асырады. Ал кәмелетке толғанға дейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, әрекетке толық қабілетті деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде, қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқығы бар.

Баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу, оған білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған кезде құқықтарын теріс пайдаланған жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, ал, он төрт жасқа толғанда сотқа құқықтарын қорғау үшін өз бетінше жүгіне алады. Баланың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгені, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны белгілі болған жағдайда азаматтар бұл туралы баланың нақты тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға хабарлауға міндетті. Егер азаматтар немкеттілік танытпай, бала тағдырының бұзылмауы үшін заңсыздықтар жайлы дер кезінде хабарласа, теперіш көрген бүлдіршіндер де аз болар еді.