Теракт қаупі кезінде ұялы байланыс шектеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8-інші қыркүйекте Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев елімізде теракт қаупі кезінде ұялы байланыс шектелетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, «Байланыс туралы» заң байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын құзырлы органға кідіруге болмайтын, ауыр және аса ауыр қылмыстарға апарып соғатын жағдайларда желілер мен байланыс құралдарының жұмысын тоқтататын мүмкіндік беретін баппен толықтырылады. Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топтардың дайындаған қылмыстары жүзеге асырылатын жағдайда да осындай іс-шаралар қолданылады. Бірақ құзырлы орган 24 сағаттың ішінде бұл туралы Бас Прокуратураны хабардар етуі тиіс.

Бұған қоса, ұялы байланыс желілерін террорлық мақсаттарға пайдаланудың және Қазақстанға бірыңғай IMEI-кодтары бар құрылғыларды әкелудің жолына тосқауыл қою үшін «Байланыс туралы» заңға барлық құрылғылардың бірыңғай IMEI-кодтар базасын құру туралы түзету енгізіледі. IMEI-кодтардың бірыңғай базасына Қазақстан аумағында қызмет ететін және оған сырттан әкелінетін барлық ұялы телефон аппараттары кіреді. Әр телефонды пайдаланушының абоненттік нөмірімен сәйкестігін тексеру үшін олар тіркеуге алынады.

Заң жобасын дайындаушылардың айтуынша, мұндай түзету құқық қорғау және арнайы органдардың бақылауына алынған нысандарды жедел түрде анықтауға, контрафактілік құрылғыларды тасымалдауды қысқартуға және бөтен адамның мүлкін ұрлауды азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетелік, IMEI-код дегеніміз - телефоны аппаратын пайдаланатын әр адамның жеке саны. Мұндай код GSM, WCDMA, IDEN желілерінің телефондарында, сондай-ақ, кейбір спутниктік телефондарға қолданылады.

Айтпақшы, мұндай жаңашылдық халықаралық тәжірибеде бар. Мысалы, 2016 жылдың сәуір айында Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасына терроризмге қарсы іс-қимылдарды күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша іс-шаралар белгілейтін екі заң жобасы енгізілді. Соның ішіндегі жаңашылдықтардың бірі - байланыс операторларына және ғаламтор желісіндегі ақпаратты таратушыларға қойылатын қосымша талаптар. Мысалы, байланыс операторлары мен ғаламторда ақпарат таратушылар адамның дауысымен берілген ақпаратты немесе хабарламаны қабылдау және тарату фактісі жөніндегі ақпаратты үш жыл (қазір бұл мерзім жарты жылға қысқарды) бойы сақтауға міндеттеледі. Оған қоса, таратылған мәліметтерді шифрлай алатын кез-келген ғаламтордағы қызмет көрсетуші, әлеуметтік желілер, пошта қызметін пайдаланушы Федералдық тергеу бюросына кез-келген хабарламаның шифрын ажыратуға көмектесуге міндетті.

2002 жылы 25-інші шілдеде қабылданған Ресей Федерациясының «Экстремистік қызметке қарсы іс-қимыл туралы» заңының 12-інші және 16-ыншы баптарына сәйкес, бұқара пайдаланатын байланыс желілерін экстремистік қызметке және жаппай акциялар кезінде экстремистік қызметті іске асыруға пайдалануға тыйым салынады. Атап айтарлығы, азаматтардың тұрғын үйге, хат жазысу құпиялығына, телефонмен сөйлесуіне, пошталық, телеграф және басқа да хабарламалар алуына қол сұғылмаушылықты шектейтін терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын жүргізу үшін судьяның арнайы қаулысы шығарылады. Терроризммен күрес жөніндегі орган азаматтардың аталған құқықтарына қол сұғылмаушылық шектелген сәттен бастап, 24 сағаттың ішінде бұл мәселеден прокурор хабардар болуы тиіс.

Осыған ұқсас заңнамалық бастама Ұлыбританияда да бар. Атап айтқанда, ағылшындар ғаламтор желісіндегі терроризмге қарсы күресу үшін провайдерлер мен телефон компанияларын сайттағы ақпаратты оқыған адамдар туралы мәліметтердің тарихын 12 ай бойы сақтауға міндеттеуді ұсынып отыр. Оған қоса телефон компаниялары қажетті ақпаратты алу үшін девайстарды заңды жолмен бұзуға көмек көрсетуге, құқық қорғау органдарына соттың ордерін алмай-ақ ғаламторды пайдаланушылардың белсенділігі жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндеттелмекші.