Теракт салдарынан Түркияның кей жерлерінде Twitter бұғатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияда сот шешімімен бірнеше интернет-провайдер Сириямен шекаралас қаладағы болған жарылыс орнынан фото және видеоматериалдар жарияланған Twitter шағын блогтарын бұғаттады, деп жазады Би-би-си.

32 адамның өмірін қиған түріктің Суруч қаласындағы жарылыс дүйсенбі күні болған.

Бастапқыда билік өкілдері жарылғыш затты әйел адам іске қосты деп болжаған, алайда түрік БАҚ-тары шабуылға ер адамның қатысы бар екенін хабарлады.

Сәрсенбі күні белгілі болғандай, жарылысты 20 жастағы жергілікті студент жасаған. Мұны ДНК сынамалары растады.

Сонымен қатар сәрсенбі күні Суруч маңында екі полицейдің мәйіті табылды. Оларды маңдайынан атып өлтірген.

Түркия билігі аймақтағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Олар бұл әрекеттің экстремистік ұйымдар қызметімен байланысы бар-жоғын тексеріп жатыр.