ОРАЛ. 9 қазан. ҚазАқпарат - 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасқан «Мектепке жол» шарасы кезінде Теректі ауданында 867 оқушыға 3 млн. 511 мың теңгенің, оның ішінде демеушілердің қаржысы есебінен 618 балаға 2 млн. 914 мың 559 теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Аудандық білім беру бөлімінен хабарлағанындай, акция барысында «Аялы алақан» тақырыбында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Ақжайық ауылында мектеп құралдарының жәрмеңкесі өткізіліп, онда оқушыларға қажетті тауарлар төмен бағамен сатылды.
Қайырымдылық шарасы кезінде ауданда 486 мұғалім бекітілген учаске бойынша 104 рейд жүргізіп, мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің санын, әлеуметтік жағдайын анықтады. Осылайша, табысы аз отбасы балаларының тізімі жасақталып, барлық ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындарға жіберілді. Аталған акция алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).