«Теректі әулие» петроглифтері
12:09, 30 Наурыз 2009
«Теректі әулие» петроглифтері - әзірге тылсым сырын ішіне бүгіп жатқан әлемде теңдесі де, ұқсас сыңары да жоқ тарихи жәдігер. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 88 шақырым қашықтықта орналасқан.
Теректі жартасындағы бейнелер біздің заманымызға дейінгі 1 мыңжылдықтың соңы мен біздің заманымыздағы 1 мың жылдықтың басында бедерленген. «Теректі әулиедегі» суреттер (пиктограмма, петроглифтер) тас бетіне қашалып салынған.
Пиктограмма ? тас бетіне салынған суреттердің бізге жеткен көне ескерткіштерінің бірі. Тіршілікте тылсым табиғатпен тіл табысқан адамзат баласының бар білімі, таным-түйсігі, ақыл-парасаты, зейін-зердесі бейне-белгілер түрінде тас бетіне таңбаланған. Тіршілік иесі өзінің өмір сатысының барлық кезеңінде табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасын бейнелеп қалдырған. Кейбір тастардың мұқият өңделгені соншалық, олардың беттері күні бүгінге дейін айнадай жылтырайды. Жергілікті халық оны әулиенің сырғанағы деп атап кеткен.
«Алла тағаланың айрықша ықыласына бөленген, бойына аруақ қонған әулие адамдар ықылым заманда жұмыр жерді жаяу аралап, табиғаттың тылсымына үңілген, дін мен ділді зерделеген, аңыз-әңгімелерді жүрген жерлеріне таратқан. Бірде сондай әулиенің бірінің табаны Теректіге де тиеді. Бұл өңір ол кезде адам аяғы баспаған жапан дала болса керек. Шөлден қақталған, шаршап-шалдыққан, әбден әлсіреген әулиенің көзіне әлден уақытта Жаратқанның жоралғысындай жасыл желекті зәулім бәйтерек шалынады. Ақырғы әл-қуатын бойына жиған ол бәйтеректің көлеңкесіне тыныстауға ұмытылады. Көкжиекке көсілген жалаңаш жазықтың ортасындағы баланың басындағы айдардай жасыл алаңқайға жеткенде ол теректің түбінен шымырлап шығып жатқан бұлақты көреді. Мөп-мөлдір салқын суды рахаттана сіміріп, теректің көлеңкесіне құлай кетеді. Тынығып тұрған жаһангер таң-тамаша күй кешеді. Шаршағаны қандауырмен сылып алғандай басылыпты. Ең ғажабы, маса талаған жарадан иненің көзіндей де белгі қалмапты. Бұл қасиетті, киелі бұлақ болды деп ойлаған ол көкке қолын жайып құдайға құлшылық етті...» деген аңыз қалған.