Тереңкөл ауданына жаңа әкім тағайындалды - Павлодар облысы
Жаңа әкімді аудан активіне аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов таныстырды.
- Азамат Тоқтамысұлы осы ауданның тумасы. Еңбек жолын осында бастап, бүгінгі күнге дейін Тереңкөл ауданында қызмет атқарып келеді, - деді облыс әкімі.
«Әр жылдары Иванов ауылдық округінің әкімі болды. Осы лауазымға дейін үш жыл бойы ауданның жартысын құрайтын Тереңкөл ауылдық округін басқарды. Жас әрі қабілетті мамандардың қатарына жатады. Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге бөлек тоқталып өтті. Аудандағы жұмысыңыз барысында өзіңізді жағымды жағынан көрсете білдіңіз. Бүгін сізге Жаңа Қазақстанның дамуына үлес қосу үшін сенім артылып отыр. Бұл жауапкершілікті абыроймен қабылдайсыз деп үміттенемін», деп атап өтті ол таныстыру барысында.
Өз кезегіне Азамат Маңғұтов Тереңкөл ауданының әлеуметтік-экномикалық дамуына бар жинаған тәжірибе мен күш-жігерін салып, аянбай еңбек етуге уәде берді.
Жаңа әкімге жергілікті биліктің жұмысын тиімді ұйымдастырып, үйлестіру, қамтамасыз ету, тұрғындармен үнемі байланыста болу, жұмыспен қамту мәселелерін назарға алу, тұрғындармен бірлесіп шешім қабылдау міндеттері тапсырылды.
- Әр ауылда, округте, бөлімде жұмыс дұрыс жасалса, көптеген мәселелер шешіледі. Мақсатқа сай жұмыс істеген жағдайда ғана тәртіп болады. Атап айтқанда, жер учаскелері мен олардың иелері мен жалға алушылардың нақты белгіленген жер картасы болуы керек.Тәртіп болғанда алқаптарда және басқа мәселелер бойынша даулар болмайды. Болғанның өзінде мұндай мәселелер жоғары инстанцияға жептей осы жерден шешілуі тиіс. Халық пен билік арасында сапалы диалогты қамтамасыз етуде жеке рөл қоғамдық кеңеске жүктелген. Оған шенеуніктер кірмеуі тиіс, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.