ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығы - Тереңөзек кентінде «Ұн өндіру комбинатын іске қосу» жобасы қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл инвестициялық жоба Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарында бекітілген. Бұл ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға оң септігін тигізеді.
Оған «Аққұм Жер» ЖШС инвестор ретінде танылған. Жобаның құны - 80 млн теңге. Комбинаттың қуаттылығы – тәулігіне 60 тонна ұн өндіру. Жоба аясында 15 адам еңбекпен қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазір Түркиядан өндіріс комбинатына қажетті құрал-жабдықтар алынған. Оны іске қосу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Аққұм Жер» ЖШС - аймақтың аграрлық саласындағы іргелі құрылымның бірі. Серіктестік Жалағаш ауданында негізінен күріш өсіру бағытында жұмыс атқарады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.