Терезеден құлап, жол-көлік оқиғасына ұшыраған сәби жансақтау бөлімінде жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Терезеден құлап кеткен кішкентай қыз емханаға барар жолда жол-көлік оқиғасына ұшырап, жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, үшінші қабаттан құлап кеткен 2014 жылы туған сәбиді ата-анасы жеке көлігімен емханаға әкеле жатып, жолда көлік апатына ұшыраған.

«Астана қаласында кішкентай сәби 3-қабаттағы пәтердің терезесінен абайсызда құлап кетеді. Оның ата-анасы жедел жәрдемді күтпестен, зардап шеккен балаларын емханаға жеке автокөлікпен жеткізбекші болған. Олар мінген көлік Қошқарбаев көшесінің бойында жүк көлігіне соғысып қалады, сосын олар жедел жәрдемді шақыртқан. Аталған көлік апаты бойынша әкімшілік хаттама толтырылды» , - делінген хабарламада.

Зардап шеккен бала №2 балалар емханасына жатқызылды. Дәрігерлер құлап кеткен баланың денсаулығына қатысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр. Тек бір жолда екі рет зардап шеккен бала туралы  видео Рахат Сұлтанғазиннің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған.

Өз кезегінде Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі  тұрғындарға барынша абай болып, мектеп жасына дейінгі балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға кеңес беруде.