Тұрғындар сотқа арызданған. Соған сәйкес Жаңаөзен қалалық сотының судьясы құзырлы мемлекеттік орган өкілдерімен тұрғындарды жинап, кездесу өткізді.
Тұрғындардың сөзінше, құрылыс мекемесінің өкілдері әу баста үйлердің арасы 3 метр болатынын айтқан. Алайда бір-біріне тақап салып тастапты.
«Үйлеріміздің іші қараңғы, күн сәулесі түспейді. 3 метр қыламыз деп алдап кетті. Енді қайда барсаң, онда бар деп отыр», - дейді «Самал» шағын ауданы 21 - үйдің тұрғыны Сембі Көлбаев.
Жаңаөзен қалалық сотының судьясы Нәсіп Дәрғұлованың пікірінше, құрылысқа қатысты заң бұзушылықтар бар.
«Мен бұл саланың маманы емеспін. Сол үшін мамандарды қатыстырып отырмын. Бірақ менің ойымша, бұл жерде заңбұзушылық бар. Қазір көңілге түйгенімізді сот отырысында қарайтын боламыз», - деді судья.
Жаңадан бой көтерген 21 А тұрғын үйдің орнында бұрын автотұрақ болған. Құрылыс мекемесі шағын аумаққа бірден 3 тұрғын үй салып тастаған.