Тергеу кемшіліктері түзелмеді: Шымкенттің экс-шенеуніктеріне қатысты іс тағы созылуы мүмкін

ТАРАЗ. KAZINFORM — Тергеудегі заңбұзушылықтар үшін судья прокурорларға кері қайтарған шулы іс арада төрт ай өткенде Тараз сотында қайтадан қарала бастады. Алайда қорғаушы тараптың айтуынша, айыптау материалдары ешқандай өзгеріссіз, «шикі» күйінде сотқа қайта түскен.

Фото: Жамбыл облысы ӨКҚ, Шымкент әкімдігі

Тараз қаласының № 2 сотында қылмыстық іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр. Бұл іс бойынша Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі Арман Әбдешов пен Тұрғын үй басқармасының экс-басшысы Нұрбол Жүнісбеков айыпты саналды.

Күдіктілерге бюджеттің миллиардтарын талан-таражға салды деген айып тағылған. Бұл бап бойынша олар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ алғашқы сот отырыстарынан-ақ сотталушылардың кінәлі-кінәсіздігі емес, тергеудің сапасыз жүргізілгені үлкен сұрақ туғызып отыр.

Адвокаттардың айтуынша, заң талаптары бұзылғандықтан, бұған дейін қабылданбай қалған материалдар сотқа қайтадан өткізілген. Ең қызығы бұл істі кезінде тексеруге кері қайтарған баяғы судья өзі қайта қарап жатыр.

Сотта прокурор айыптау актісін оқып жатқанда, қорғаушы тарап жиналған айғақтардың заңсыздығы мен істегі қайшылықтарды бірінен соң бірін көрсетті. Соның кесірінен судьяға мән-жайды анықтау үшін үнемі қосымша сұрақтар қоюға тура келген.

Еске сала кетейік, осы жылдың ақпан айында судья тергеу материалдарынан қате тауып, кемшіліктерді түзету үшін істі прокуратураға қайтарған болатын. Бұл уақыт ішінде қосымша тергеу амалдары жүреді деп күтілген еді. Бірақ адвокаттардың айтуынша, материалдар сотқа ешқандай өзгеріссіз сол күйі қайта келген.

Сотта Тараз қаласында жеке меншік үй салу үшін жер телімдерін бөлуге арналған 11 жобаға аудиторлық тексеріс жүріп жатыр. Айыптау тарапының басты дәлелі — осы құжаттарды заңсыз деп тапқан сарапшының қорытындысы.

Сот отырысында екі тарап та іске тартылған сарапшының біліктілігіне ерекше тоқталды. Қорғаушы жақ бұл маманның кәсібилігіне күмән келтіретін деректерді алға тартты. Олардың айтуынша, тексеру жүргізген маманның инженерлік желілерді, газбен жабдықтау және жол инфрақұрылымын талдау сияқты кешенді сараптама жасауға беретін міндетті мемлекеттік лицензиясы жоқ болып шыққан.

Бұдан бөлек, адвокаттар сарапшы маманның осы іске қатысы бар мекемемен бәсекелес басқа жобалау ұйымында жұмыс істейтінін анықтаған. Күмәндісі сол — бұл маман бұған дейін де мемлекеттік органдарға хат жазып, дәл осы мекемені тексеруді талап еткен. Ал кейін оған сол мекеменің жұмысына баға беруді тапсырған.

Сотта «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгісі бар құпия құжаттардың жай-жапсары да сөз болды. Қорғаушы тарап ресми тексеріс басталмай тұрып-ақ, мұндай құжаттардың жеке адамның қолына қалай түсіп жүргені түсініксіз екенін айтты.

Тексеріс кезіндегі тағы бір жайт сотта сынға ұшырады. Онда қала құрылысы жобалары «ArcGIS» деп аталатын арнайы лицензиялық бағдарламаға енгізілмегені айтылған еді. Алайда Тараз қаласы әкімдігі мен сәулет бөлімінің ресми жауабына сүйенсек, бұл жобалар жасалған 2020-2023 жылдары жергілікті билік мұндай бағдарламаны мүлдем сатып алмаған және ол келісімшарт талаптарында да болмаған. Адвокаттардың айтуынша, тергеушілер өткен жылдардағы жобаларға тек 2024 жылы ғана күшіне енген заң талаптарын қолданған, ал бұл негізгі заң принциптеріне қайшы келеді.

Қылмыстық заңнамада заңсыз жолмен жиналған айғақтар мен соның негізінде жасалған қорытындылар жарамсыз деп танылады деген негізгі ереже бар. Егер істегі заңбұзушылықтар расталса, айыптау тарапының басты тірегі болып отырған аудиторлық қорытынды өз күшін жояды.

Істің мән-жайын еске сала кетейік, Арман Әбдешов бұған дейін Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасын, ал Нұрбол Жүнісбеков Тұрғын үй басқармасын басқарған. Екеуі де 2025 жылы тергеуге ілініп, бірнеше апта айырмасымен бірінен соң бірі ұсталған болатын.

Бұған дейін хабарланғандай, Әбдешовке қатысты тергеудің оның Шымкенттегі жұмысына еш қатысы жоқ, бұл оның бұрынғы қызметіне байланысты. Ол 2020-2022 жылдары Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарған, кейін Тараз қаласында дәл осындай қызметте болған. Ал Шымкентке тек 2025 жылдың ақпанында ғана ауысып келген.

Ал Нұрбол Жүнісбеков Тұрғын үй басқармасының басшысы қызметіне 2025 жылдың көктемінде тағайындалған. Оған дейін сәулет және жер қатынастары саласында еңбек еткен. Қамауға алу кезінде ол заңды еңбек демалысында болған еді.

Жүнісбеков пен басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары 2025 жылдың 5 наурызында басталды. Сол жылдың тамызында ұсталып, Жүнісбеков сот шешімімен Астанадағы тергеу изоляторына жабылды. Қыркүйек айында жиналған дәлелдер негізінде күдіктінің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қаралатынын жазған едік.

Жалпы тергеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды.