Тергеу органдарының Ж.Досқалиевті қамауда ұстау мерзімін ұзартуға мүмкіндіктері бар - Жоғарғы сот өкілі

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тергеу органдары екі ай ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша тергеу амалдарын толықтай аяқтауы қажет.

Олай болмаған күнде құзырлы органдар соттан Ж.Досқалиевті қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасай алады. Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуі барысында Жоғарғы соттың Қылмыстық істерді бақылау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, тергеу органдары Ж.Досқалиевті қамауда ұстау мерзімін ұзарту жөнінде сот органдарына қолдау хат түсіретін болса, оларға өздерінің неліктен бұл әрекетке барғандарын, жағдайдың не үшін бұлай қалыптасқандығын түсіндіруі қажет болады. «Олар өз істерінде қандай кемшілік жіберіп, нені соңына жеткізе алмай қалғандықтары жөнінде толық есеп берулері қажет», - А. Қасымов.