Тергеуге алынған Астана әуежайының басшысы Қазақстаннан «қашып» кетті
«Астана халықаралық әуежайының» баспасөз қызметінен хабарлағандай, Паоло Ричиотти қысқа мерзімді демалыс алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астанада күш құрылымдары Паоло Ричиоттиді жоғалтып отыр. Құқық қорғаушылар Көкшетау әуежайына ешқандай процедура жүргізбей-ақ, 10 миллион теңге бөлгені үшін тергеу аясында жүрген оның елден қалай шығып кеткенін түсіне алмай әлек. Сенімді дерек көзі Паоло Ричиоттидің 15 қазан күні 14:45-тегі Астана-Лондон бағытындағы КС-941 рейсімен ұшып кеткенін жеткізді. «Ол билетті бір бағытқа ғана алған. Яғни, Қазақстанға орала ма, жоқ па, белгісіз», деп жазған еді Қазақстандағы танымал экономикалық шолушы Денис Кривошеев өзінің Фэйсбуктагы жеке парақшасына.
«Астана халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Паоло Ричиотти қазір отбасындағы жағдайларға байланысты қысқамерзімді демалыс алды. Бұл демалысы жоғарыдағы басшылықпен келісілген. Басқарма төрағасы келесі аптада өз қызметіне оралады», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Монополияға қарсы агенттік «Астана халықаралық әуежайында» біраз құқықбұзушылықтың бетін ашқан болатын. Атап айтқанда, әуежай басшылығы мемлекеттік сатып алу бөлігінде заң бұзған.
Қазақстанның сегіз мемлекеттік әуежайына бақылау жүргізетін «Airport Management Group" ЖШС басқарушы компаниясы «Астана халықаралық әуежайына» жүргізген тексеруді жариялай отырып, шамамен 1,37 млрд. теңге көлемінде заң бұзушылық болғанын хабарлаған.