Тергеуші Әлия Тайжанова: Погонымды абыроймен таққым келеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Олар күн демей, түн демей қылмыс болған жерге барады және қылмыстық іске күдіктілерді тергейді. Қарсы алдыңда отырған адамның шын-өтірігін айыру – оңай емес. Соған қарамастан тергеуші болуды қалайтын нәзік жандар баршылық. Солардың бірі – тергеуші, аға лейтенант Әлия Тайжанова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай сұхбат берді.

Әлия Алматыдағы Н.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-ды «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ол әртүрлі компанияларда жұмыс істеп, уақыт өте келе бала кезіндегі арманын іске асыру туралы ойға келеді. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданындағы Полиция басқармасының Тергеу бөлімі тергеушісі қызметін атқарады.

«Бұл бөлімде біз тергеушілердің жұмысын бағалап, сотқа жіберілетін қылмыстық істерді тексереміз. Прокуратура және басқа да мекемелерден келетін істерді тіркеп, есепке аламыз. Тергеуші болу – менің бала кездегі арманым. Ағам да погон тағатын. Мен де ол сияқты погон тағып, еңбек етуді армандайтынмын. Бастапқыда жаңа ортаға бейімделу қиын болды. Қызығушылығым болғанмен, жұмыс тәжірибем болмады. Менің тәлімгерлерім жұмысыма қажетті дүниелердің бәрін үйретті. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүргеніме бесінші жылға аяқ басты. Жұмысыма сай киімді абыроймен киіп, погонымды абыроймен таққым келеді», - дейді Әлия Тайжанова.

Тергеуші жұмысы аса жауапкершілікті қажет етеді. Оларға лайықталған жұмыс кестесінде жұмыс істеу де оңай емес.

«Моральдық тұрғыда шаршайтын кездеріміз болады, себебі қайғы-қасірет, адам өлімін жиі көру оңай емес. Қылмыстық істің ашылуына әртүрлі кедергілер келтірілуі мүмкін, сол себепті ерік-жігерің мықты болуы керек. Қылмыстық өндірістен материалдарды алған соң тергеуші қылмыстық іс қозғау керегін немесе керек емес екенін шешеді. Тергеу кезінде айыпталушы мен куәгерлерге қосымша сұрақтар қойып, қосымша дәлелдер жинайды. Ең бастысы – жұмыс тәжірибең. Жұмыс тәжірибеңе сүйеніп қылмыстық құқық деген не екенін, қылмыстық заңнама нормаларын қалай қолдану керек екенін білу керексің», - дейді ол.

Ол кейде жұмыс барысында әйел ретінде жүрегі елжіреп кететінін, соған қарамастан өзін ұстауға тиіс екенін айтты.

«Жұмысқа енді кіріп, тәжірибе жинап жүрген кезім болатын. Әріптесім алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі тергеп жүрген еді. Ол маған тінту жұмыстарын жүргізуім керектігін айтты. Заң бойынша күдіктіні жеке тінту жұмыстарын әйел тергеуші жүргізуі керек. Іс аяқталғанға дейін күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамаған еді. Мен оның қасына барып, тінту жұмыстарын бастадым. Оған «Сөмкеңізде не бар, шығара беріңіз» деп едім, ол маған аянышты жүзбен қарап «Мені үйде балам күтіп отыр. Мені босата салыңызшы» деп жалынды. Өзі жылап жібере жаздады. Сол кезде мен «Мүмкін ол кінәлі емес шығар. Оны не себепті тергеп жатырмыз? Ол кінәлі болмауы да мүмкін ғой» деп ойлап кеттім. Мұндай жағдаймен бірінші рет кездескендіктен, оны аяп кеттім», - дейді ол.

Әлия тергеу органы жұмысының арқасында ұсталған күдіктілер адал жаза алатынын, соңғы уақытта қылмыс деңгейі төмендеп келе жатқанын айтты.

«Біз қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Тергеуші эмоционалды түрде орнықты, барлық жағдайға моральді тұрғыда дайын болуы керек. Олар күдіктінің агрессиясына берілмеуі және оның шындыққа жанаспайтын болжамына ермеуі керек. Логикалық ойлау жүйесі мен ақыл-есіне сараптама жасай білу қабілеті – тергеушінің ең адал досы деуге болады. Қылмыстық іс ашылғаннан кейін хаттама, сараптама қорытындысы сияқты барлық құжат сотқа жіберіледі», - дейді Әлия Тайжанова.

Оның айтуынша, тергеушіге қажетті ең жақсы қасиет – өзіңе сенімді болу.

«Тергеуші болатын адам бәріне дайын болуы керек. Өзгелер демалып жатқан кезде бізде жұмыс қызып жатады, сол себепті мамандығыңа деген сүйіспеншілік керек. Көбі мұндай жұмысқа шыдамай, шығып кетеді. Ең бастысы – шыдам, кәсіби қабілет керек. Бұрын мен бұл жолды таңдаған адамдардың жеке өмірі болмайды деп ойлайтынмын. Бірақ менің айналамда тұрмысқа шыққан, балалы-шағалы әріптестерім бар. Өз жұмысын жақсы көретін адам бәріне де уақыт табады», - дейді ол.

Әлияның айтуынша, 8 наурыз – олардың ұжымы үшін ерекше мереке. Бұл мерекеде олар жұмыс киімін кимейді және ұжымдастары ақ тілектерін жаудырады.

«Біздің бөлімде 8 қыз-келіншек жұмыс істейді. Олардың бірі – нәзік, бірі – батыл, енді бірі – ержүрек. Осы сұхбатты пайдалана отырып ұжымымдағы қыз-келіншектерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Сіздердің қуанышқа толы жүздеріңіз бұл мерекені одан сайын көркейтсін. Ең бастысы – зор денсаулық, әйел бақытын тілеймін», - дейді Әлия Тайжанова.

Соңғы жаңалықтар