«Терісайрық» шекара заставасының бастығы мен екі қызметшінің ісі сотқа жолданды

АСТАНА.  3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өскемен гарнизонының әскери сотына Шығыс Қазақстан облысы  «Терісайрық» шекара заставасының бастығы мен келісім-шарт бойынша екі  әскери қызметшінің ісі жолданды.

Еске салсақ, аталғандардың заңсыз әрекеттері 11 сарбаздың қашуына жол берген делінген болатын. Бұл туралы Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

«2012 жылғы 31 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2017 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметшілері аға сержант Ж.О.Каженовты, кіші сержант Е.У.Тұрдығұловты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1 бабы 2 бөлігі «а» тармағымен, «Терісайрық» шекара заставасының бастығы аға лейтенант А.Б.Хамитовты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1 бабы 2 бөлігі «в» тармағымен көрсетілген қылмыс жасағаны бойынша айыптау туралы қылмыстық іс Бас әскери прокуратурамен негізінен қарау үшін Өскемен гарнизонының әскери сотына жолданды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 18 маусымда «Шығыс» өңірлік басқармасы Зайсан шекара жасағы «Терісайырық» шекара заставасының жедел қызметтегі 11 әскери қызметкері өз еріктерімен застава аумағынан кетіп қалған болатын. Ал олардың кетіп қалғанын білген заставаның басшысы өз еркімен іздеу жұмыстарын ұйымдастырмаққа әрекеттенген, басшылыққа орын алған төтенше жағдай туралы тек кешке қарай мәлімдеген.