ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы сотының үкімімен ірі көлемде қаржы жымқырған Дмитрий Зайкин, Игорь Дремасов және Антон Емельянов айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық соттан түскен мәліметке қарағанда, аталған үшеу өткен жылғы 15 желтоқсанда Орал қаласында және биылғы 24 ақпанда Қостанайға қарасты Затобольск кентінде «Каспий Банк» АҚ-ға қарасты терминалдардан 8 млн 292 мың теңге қаржы ұрлаған.
Сот барысында Орал қаласы прокуроры мен сотталушылар арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды. Жәбірленуші тарап - «Каспий Банк» АҚ өкілі материалдық шығын толық өтелгендіктен, процессуалдық келісімге келісті.
Орал қаласы соты А.Емельяновты, И.Дремасовты, Д.Зайкинді ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағына сәйкес айыпты деп танып, 63-бапты қолдана отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде есептеу туралы үкім етті.
Айта кетейік, И.Дремасов - Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Владимир Дремасовтың ұлы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).