Террористік және экстремистік оқиғалардың негізгі себеп-салдарларын анықтауда сарапшылар дәрменсіздік танытуда - Амангелді Айталы

АЛМАТЫ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Елімізде болған соңғы террористік және экстремистік оқиғалардың бәрін бірдей сыртқы күштермен байланыстырудың қажеті жоқ. Бұл бүгін Алматыда өткен "Терроризм және экстремизммен күрес" деп аталатын конференцияда айтылды.

«Біз бұрын тұрақтылықтың, келісімнің қамалы есебінде елімізде ештеңе болмайтын сияқты көрдік те, оған жете көңіл бөлген жоқпыз. Егер мұндай құбылыстар болса басқа шет елдерде болуы мүмкін деген ойда болдық. Бүгін осындай жағдай басымызға келгенде бұл мәселеге ғалымдар да, саясаткерлер де дайын болмай шықты. Шын мәнінде террорология өзінше бір ғылым. Бұл ілімнің тарихи тамыры терең. Бұл құбылыс әр мемлекетте әртүрлі себептермен болады. Оның артында кімдер тұр, қандай күштер тұр, қаржы көздері қандай, оны тек діннен көру дұрыс па, болмаса басқа да себептері бар ма деген мәселелерге біз енді-енді ғана мән беріп жатырмыз», - дейді философия ғылымының докторы Амангелді Айталы.

Саясаттанушы ғалымның айтуынша, терроризм болсын, экстремизм болсын оның себебін өзіміздің ішімізден іздеуіміз керек. Біз сүттей ұйып отырмыз, сырттан біздің арамызға жік салып, елімізді бүлдіріп жатыр десек өзімізге-өзіміз сын көзімен қарауға мүмкіншілігіміз болмайды.