Терроризм ЕО үшін басты қатерге айналды
19:12, 02 Тамыз 2017
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропалықтар терроризм Еуроодақ үшін басты сын-қатер деп санайды. Еуробарометр сауалының нәтижесіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.
«Терроризм ЕО-ға мүше 21 мемлекет үшін нөмір бірінші проблема болып табылады. Сонымен қатар өткен жылы күзде бұлай тек бір елдің азаматтары ғана тұжырымдаған», - деп атап өтіледі зерттеуде.
Тұтастай, сауалнамаға қатысқандардың 44%-ы солай деп санайды. Бұл өткен жылғы күзге қарағанда, 12 пайызға көп. Екінші қауіп - көші-қон. Бұл 2015 жылғы көктемнен бастап алаңдаушылық тудырып келеді. Бұл проблеманы ЕО үшін маңызды қатер деп сұралғандардың 38%-ы атаған, яғни, өткен жылғы күзбен салыстырғанда, 7 пайызға төмен. ЕО-да экономикалық жағдай негізгі тақырып деп респонденттердің 18 пайызы жауап берген. 17 пайызы - мүше елдердегі бюджет жағдайы десе, 15 пайызы - жұмыссыздықты алға тартқан.