Терроризм қаупі жоғары елдерге шықпақ болған 559 қазақстандық-рекруттың жолы кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5 жылда 559 қазақстандық-рекруттың ел аумағынан кетуіне жол бермеді.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің зңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков мәлім етті.

«Соңғы 5 жылда ұлттық қауіпсіздік органдары 559 қазақстандық-рекруттың террористік белсенділік орын алып отырған аймаққа шығуына жол берген жоқ. Бүгінде қарулы қақтығыстар орын алған аймақтардан содырлардың отанына оралуы барынша қауіпті болып отыр. Олардың көпшілігі барынша радикалды көзқарасты ұстануда, арнайы дағдыға, жауынгерлік тәжірибеге ие», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, аталған тұлғалардың біздің елімізде де лаңкестік актілерді жасау қаупі жоғары. Ал өз кезегінде қарулы қақтығыстар аймағында қалған тұлғалар радикализмді идеялық тұрғыда насихаттаушы рөліне ие десек те болады. Олар лаңкестік әрекеттерге рекруттар мен содырларды тарту жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Осы орайда Н.Білісбеков соңғы жылдары тамырына балта шабылған радикалды топтардың бір бөлігі халықаралық лаңкестік ұйымдардың тікелей басшылығымен әрі нұсқауымен түрлі әрекеттерге барғанын баса айтты.

«Қалған топтар  ақпараттық насихаттардың ықпалынан радикалданып, белсенді қимылдарға баруға ұмтылған», - деді ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары.