деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. «2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін халықаралық терроризм ғаламдық қауіп-қатерге айналды. Осы қауіпке ұлттық баға беру және күресу тәсілдері түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыр. Қазақстан да мұндай үрдістен шеттеп қалмайды. Осыған орай, қаралып отырған заң жобасы еліміздің қолданыстағы заңнамаларын халықаралық тәжірибеге сәйкес келтіру, терроризмге қарсы іс-қимылдың анық қағидаларын қалыптастыруға бағытталып отыр», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әділ Шаяхметов.
Оның айтуынша, құжат терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекетіміздің халықаралық міндеттемелерін іске асыруға және ұлттық заңнаманы үйлестіруге, бірізге келтіруге бағытталады. Бұдан басқа, құжатта осындай қауіпке қарсы тұрудың құқықтық негіздері жетілдіріліп, терроризммен күресудің тиімді жалпы мемлекеттік жүйесін оңтайландыру шаралары көзделеді. «Заң жобасы терроризмнің алдын алуға және күресуге, сондай-ақ оның салдарын жою мен барынша азайтуға бағытталған кешенді құқықтық және ұйымдастырушылық шараларды қамтып отыр. Сонымен бірге, заң жобасындағы өзгерістерге сәйкес терроризмге қарсы операциялардың құқықтық тәртібі белгіленеді. Құжат бойынша Президенттің және Үкіметтің өкілеттілігі, терроризмге қарсы іс-қимылды үйлестіру жөніндегі уәкілетті органның қызметі мен міндеті анықталады», деді Ә. Шаяхметов.
Құжатта терроризмге қарсы операцияның құқықтық тәртібі, сондай операция кезіндегі енгізілетін шаралар мен уақытша шектеулер айқындалады. Терроризм актісін жасаудың туындау қатеріне ден қоюдың оралымды және уақытылы болуын арттырып, лаңкестердің белсенді әрекеттерін болдырмау үшін жеке тұлғалар мен көлік құралдарын куәлардың қатысуынсыз-ақ қарап-тексерудің оңайлатылған тәртібі енгізіледі.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылды.