The Objective: Испания электр қуатының сөнуінен €1 млрд шығын көруі ықтимал

Фото: Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Электрмен қамтамасыз ету жүйесінің істен шығуынан Испания экономикасына келетін шығын €1 млрд жетуі мүмкін. Бұл туралы жергілікті The Objective басылымы жазды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Басылымға сұхбат берген сарапшылардың пікірінше, жүйенің істен шығуы Испания ішкі жалпы өніміне айтарлықтай ықпал етуі ықтимал. Себебі көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Корольдіктің ішкі жалпы өнімінің көлемі сарапшылардың болжамынша, күніне €4 млрд болады. Бұл санның 14 пайызы өнеркәсіп саласының үлесінде (шамамен €575 млн). Тағы 12 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі (шамамен 500 млн). Жалпы алғанда Испания экономикасының шығыны €1 млрд жетуі ықтимал.

Осыған дейін Испанияның энергия желісінің операторы Red Electrica тұтыну көлемінің 99,16% қалпына келгенін хабарлады.

28 сәуір күні Испания мен Португалияда электр желісі істен шығып, моллиондаған адам жарықсыз қалды.

Euronews телеарнасының хабарлауынша, электр желісіндегі проблемалар туралы сондай-ақ Андорра мен Испаниямен шекаралас жатқан Францяның кейбір аудандары да хабарлады.