The Rompetrol Group биылғы жылы таза шығынды 3,7 есеге дейін төмендетеді

АЛМАТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «The Rompetrol Group» мұнай компаниясы биылғы жылы таза шығынын 3,7 есе 48,3 миллион АҚШ долларына дейін азайтуды жоспарлап отыр.

Бұл туралы бүгін Алматыда іскер БАҚ өкілдерімен кездескен компания басшылары мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, The Rompetrol Group «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰМК еншілес компаниясы саналады. ҚМГ румыниялық мұнай компаниясының 2007 жылы 25 пайыз, 2009 жылы қалған 75 пайыз акциясын сатып алған болатын. Қазіргі кезде мұнай холдингіне қарасты Румынияда орналасқан бір мұнайхимия және екі мұнай өңдеу зауыты, Грузия, Франция, Молдова, Украина, Испания мен Болгарияда мыңнан астам жанармей бекеттері, бір мұнай сақтау қоймасы, екі газ құю компаниясы, екі мұнай қызметін көрсету компаниясы, сондай-ақ желім құбырлар мен арматура шығару зауыты бар.

«The Rompetrol Group»-ті сатып алу «ҚазМұнайГазға» тұрақты әрі өсу үстіндегі 300 миллион тұрғыны бар нарыққа шығуға мүмкіндік берді. Бұл сатып алу 1,750 миллион АҚШ долларын құрады. Бұған халықаралық ірі сарапшы, кеңесші компаниялар тартыла отырып, «әділ сатып алу» жүзеге асырылды»,- деді Ромпетрол тобының бас директоры Садуақас Мералиев.

Оның айтуынша, сатып алу кезі әлемдік дағдарыспен, мұнай бағасының төмендеуімен тұспа-тұс келді. «2008- 2009 жылдары да мұнай өңдеуден түскен маржа төменгі деңгейде қалды. Бұған сәйкес біз дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болдық. 2009 жылы бұл бағдарлама бойынша шығындар 180 миллион долларға, 2010 жылы 30 миллион долларға азайтылды. Биылғы жылы 90 миллион АҚШ долларына дейін азайту жоспарда. Жоспар бойынша жалпы шығындар 872 миллион АҚШ доларынан 600 милион АҚШ долларына дейін төмендейді. 2010 жылдан бастап нарықта оңалу орын алды. Биылғы жыл басынан мұнай мен мұнай өнімдерінің әлемдік нарығы жақсы экономикалық өсім көрсете бастады, бұл өз кезегінде мұнай өнімдері маржасын ұлғайтуға септігін тигізіп отыр. Бұл бізге де өзгеріс енгізе бастады, қаңтар айында Ромпетрол таза нәтиже көрсете бастады. 2012 жылдан бастап Ромпетрол таза пайдаға қол жеткізе бастайды»,- деді С.Мералиев.

«Дағдарысты артқа тастаумен қатар компания алдында даму мақсаты тұр. Ол бойынша негізгі 3 міндет бар. Бірінші кезекте 2012 жылы компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттарын қайта қалпына келтіріп және жаңа 5 мұнай өңдеу құрылығысын қосу, екінші кезекте Еуропа нарығындағы үлесті арттыру, үшінші мақсат - ұзақ мерізімді, ол бойынша қазақстандық энергоресурстарды Еуропа нарығына шығарудың негізгі базасына айналу қажет»,-деді С.Мералиев.