The Times 100 журналисті жұмыстан шығарады

АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Британдық The Times газеті шығынды азайту үшін жүзге тарта журналисті жұмыстан шығаруға шешім қабылдады.

The Guardian газеті жазғандай, The Times бас редакторы Джеймс Хардинг (James Harding) алдағы қысқарту туралы ақпаратты қызметкерлермен кездесуде жариялады. Оның сөзіне қарағанда, жеті жүз журналистің әрбір жетіншісі жұмыстан шығарылады, деп хабарлайды Лента.ру.

Ең алдымен, қысқарту басылымның штаттан тыс авторларына қатысты болмақ. Оларға өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазу ұсынылды. Егер журналистердің қайсібірі ұсыныстан бас тартса, редакция оларды өз бастамасымен шығару құқын пайдаланады.

Сондай-ақ The Times-тің жексенбілік нұсқасы The Sunday Times-тің де көптеген қызметкерлері жұмыстан шығарылады. Оның ұжымына қысқартудың көлемі туралы таяу уақытта хабарлайды.

Руперт Мердоктің News Corporation медиахолдингіне тиесілі The Times газетінің қаржылық қиындықтары газет қағазының қымбаттауына және тұтастай алғанда, қолайсыз экономикалық жағдайға байланысты болып отыр.