Халықты жұмыспен қамту саласында Қазақстанда нақты жетістіктер бар екеніне тоқталған ол, жұмыссыздық деңгейі 2008 жылы 6,6 пайыз болса, 2014 жылдың қорытындысында 5 пайызға дейін төмендегенін, осы кезең ішінде экономикалық белсенді тұрғындар саны 500 мың адамға артып, 9 млн. адамға жеткендігін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 7,8 миллионнан 8,5 миллион адамға жетті.
Сонымен қатар вице-министр Еуропалық одақ елдерінде 2014 жылы жұмыссыздық 11,3 пайызды құрағанын, бұл тұрғыда ең жоғары көрсеткіш Грекияда тіркеліп, еңбекке қабілетті жастағы әрбір төртінші азамат жұмыс таба алмай отырғанын жеткізді.
«Біздің ұлттық еңбек нарығымызда да белгілі бір проблемалар мен қиындықтар бар. Оң көрсеткіштерге қарамастан, тиімсіз жұмыстың үлес салмағы жоғары болып қалуда»,-деді Арғандықов.
Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарына негізделген еңбек нарығындағы көрсеткіштерді статистикалық бағалау әдістемесіне сәйкес, Қазақстанда 2,4 млн. адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады. Статистикалық мәліметтер бойынша, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар арасында мемлекеттік қолдауға мұқтаж 700 мыңдай адам бар.